Біржан Жалғасбаев пен Динара Таушева Қазақстан Президентінің марапатына ие болды
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада салтанатты іс-шара өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлайды QZ News.
Президент халқымыздың рухани дүниесін байытып, ұлттық болмысымызды сақтауға өлшеусіз үлес қосып жүрген мәдениет саласының өкілдеріне алғысын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет әрдайым өнер саласына ерекше көңіл бөледі, себебі мәдениеттің дамуы – ел руханиятының деңгейін анықтайтын басты өлшем.
«Өткен жылы елімізде 45 жаңа мәдениет нысаны салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Рухани өміріміздің негізгі тіректерінің бірі – театр. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында аймақтарда театрларды дамытуға баса мән беру тапсырылды. Қазіргі таңда көптеген театрлар күрделі жөндеуді қажет етеді, ал кейбіріне жаңа ғимарат қажет. Бұл бағытта кәсіпкерлер мен меценаттарды тарту орынды деп санаймын. Бұл – әлемдік тәжірибеде кең таралған үрдіс. Мұндай жобаларға қаржы құюға ниеттілер аз емес. Бизнес өкілдерін руханиятымызды дамытуға үлес қосуға шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Марапатталғандардың қатарында – актерлер, режиссерлер, музыканттар, композиторлар, театр басшылары, оқытушылар, музей қызметкерлері мен шығармашылық ұжым өкілдері бар. Оларға жоғары мемлекеттік наградалар, ордендер мен медальдар табысталды.
Осылайша, «Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры» КМК директоры Біржан Жалғасбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Ал Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Ақан сері атындағы облыстық филармония» КМК солисі Динара Таушева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.