Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің кезекті кезеңі басталады
Мемлекеттік басқару жүйесіне дарынды жастарды тарту мақсатында Қазақстанда Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады. Оған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да қатыса алады. Бұл туралы СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов мәлімдеді, деп хабарлайды QZ news.
1 маусымнан бастап pkrezerv.gov.kz сайтында Президенттік жастар кадр резервіне өтінімдер қабылдау басталады. Құжаттарды қабылдау осы жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.
Іріктеуге Қазақстан Республикасының 35 жасқа толмаған, жоғары білімі бар, мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес сертификатпен меңгерген және жалпы еңбек өтілі кемінде 5 жылды құрайтын азаматтары қатыса алады.
- Биыл іріктеу келесі бағыттар бойынша өтеді:
- Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;
- Инфрақұрылым, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
- Экономикалық және қаржылық саясат;
- Цифрландыру;
- Аграрлық өнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
- Сыртқы саясат және инвестициялар.
Тіркеу кезінде үміткер Резервке қабылданған жағдайда қай салалық бағытта жұмыс жүргізгісі келетінін таңдау қажет. Әр бағыт бойынша Резервке қабылдау үшін арнайы квота белгіленеді. Барлық кезеңдерде салалық бағыттар бойынша үміткерлердің тең пропорцияда іріктелуіне назар аударылады.
Іріктеу 6 кезеңнен тұрады:
1. Үміткерлердің құжаттарын қабылдау;
2. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
3. Жағдаяттық тапсырмаларды шешу;
4. Құзыреттерді бағалау;
5. Резервке іріктеу жөніндегі Сараптамалық комиссиямен әңгімелесу;
6. Сараптамалық комиссия ұсынған үміткерлерді Ұлттық комиссия отырысында қарау.