Петропавлдағы НЗМ-нің жас инноваторлары «Hurricane Startup Challenge 2025» байқауында жеңіске жетті

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жаңашыл ойлау мен кәсіпкерлік әлеуетінің жоғары деңгейін көрсетіп, «Hurricane Startup Challenge 2025» өңірлік стартап-жобалар байқауында триумфатор атанды. Беделді сайысты ұйымдастырушы – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғылым департаментінің коммерцияландыру кеңсесі, деп хабарлайды QZ News.
НЗМ баспасөз қызметінің мәліметінше, байқау өңірдің дарынды жастардың басын қосып, түрлі саладағы батыл әрі болашағы зор идеяларын ұсынуға мүмкіндік берді. Байқау бағыттары қатарында ақпараттық технологиялар мен робототехника, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, су ресурстары, білім, медицина, экология, мәдениет, туризм және басқа да салалар болды.

Айрықша жеңіске Петропавлдағы Зияткерлік мектептің екі командасы қол жеткізді – олар байқаудың бірінші орындарын сенімді түрде иеленді. Александр Шерстобитов пен Азат Қабиден өз жобаларымен қазылар алқасының көңілінен шығып, Арлан Мұхамеджанов пен Армен Ғалымнан құралған командамен бірге жеңіс тұғырын бөлісті. Әрбір жеңімпаз команда өз стартап-идеяларын одан әрі дамыту үшін 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сондай-ақ, НЗМ-нің тағы бір өкілдері Асанәлі Исақаев пен Тимур Иманов жақсы нәтиже көрсетіп, байқаудың қола жүлдегерлері атанды. Олар үшінші орынға лайық деп танылып, 75 мың теңге көлемінде ақшалай марапатталды.
