СҚО Мемлекеттік кірістер департаменті ҚҚС-ты уақытында қайтармағаны үшін өсімпұл төлеуге міндеттелді
Сот бір компанияның пайдасына шешім шығарып, «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін» РММ қосылған құн салығын (ҚҚС) уақытында қайтармағаны үшін өсімпұл есептеп, төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды QZ News.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылғы 29 тамызда Мемлекеттік кірістер департаменті серіктестіктің нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдарынан ҚҚС-ты қайтару құқығын растаған. Сол күні компания ҚҚС-ты қайтару туралы салықтық өтініш жолдаған, ал Департамент қаражатты қайтару туралы шешім шығарған. Алайда ҚҚС нақты түрде серіктестік шотына тек 2024 жылғы 13 ақпанда аударылған, яғни айтарлықтай кешіктірілген.
Белгіленген мерзімнің бұзылуымен келіспеген серіктестік сотқа жүгінген. Істі қарау барысында сот ҚҚС сомасының Мемлекеттік кірістер органы тарапынан уақытында қайтарылмағанын анықтады.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 104-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес, егер салық органы ҚҚС артығын қайтару мерзімін бұзса, салық төлеушінің пайдасына әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. Өсімпұл мөлшері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген көлемінде есептеледі және қайтару мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап, нақты қайтарылған күнді қоса есептегенде жүргізіледі.
Осы норманы басшылыққа ала отырып, сот Мемлекеттік кірістер органын талапкерге өсімпұл есептеп, төлеуге міндеттеді.