Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Қазақстанда АИ-92 бензин бағасы өсті

Қазақстанда АИ-92 бензин бағасы өсті

Жанармайға шекті бағаның алынып тасталуынан кейін автожанармай құю станциялары (АЗС) бензиннің бағасын біртіндеп көтеріп жатыр. Мамыр айында танымал АИ-92 маркалы бензин кейбір қалаларда қымбаттады, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

2024 жылғы 30 қаңтарда Қазақстанда мұнай өнімдерін бөлшек саудада сату бағасын реттейтін қаулылардың күшін жою туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты АЗС енді отын бағасын нарықтық тетіктер негізінде өздері белгілейтін болды.

Шекті баға алынғанға дейін АИ-92 маркалы бензиннің ең жоғарғы бағасы 205 теңге болған. Ал жаңа ережелерге сай кейбір АЗС 2024 жылғы ақпан айында бағаны 207 теңгеге дейін көтерді.

Одан кейін тек наурыз айында ғана біршама өсім байқалды. Алайда «Яндекс Заправки» сервисінің мәліметінше, 20 мамырда кейбір жанармай бекеттерінде АИ-92 бензинінің бағасы тағы да өсті.

Қызмет мәліметтеріне сәйкес, Алматы қаласындағы АИ-92 литрінің бағасы желіге қарай былайша бөлінеді:

  • Petrol Asia – 1 литрі 202 теңге (ақпанда 199 теңге болған);
  • Royal Petrol – 1 литрі 208 теңге (бұрын 205 теңге);
  • Helios және Sinooil – 209 теңге (бұрын 207 теңге);
  • Qazaq Oil – 212 теңге (ақпанда 209 теңге).

Астана қаласында да баға өсімі тіркелді:

  1. Qazaq Oil – ақпандағы 209 теңгеден мамырда 212 және 214 теңгеге дейін өскен;
  2. Helios және Sinooil – 207 теңгеден 208 теңгеге;
  3. Аурика – 207 теңгеден 209 теңгеге дейін көтерілген.

Шымкент қаласында әзірге баға салыстырмалы түрде төмен:

  1. Sinooil – 1 литрі 200 теңге;
  2. Helios – 201 теңге;
  3. Qazaq Oil – 203 теңге.

Сол уақытта статистикалық деректер Қазақстанда бензин бағасының орта есеппен өсіп жатқанын растайды. Сәуір айында АЗС бензин бағасын біртіндеп көтеруді жалғастырды. Нәтижесінде, АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы осы кезеңде 205 теңгеге жетті. Өткен айда ең қымбат бензин Петропавл қаласында сатылды – орташа бағасы 209 теңге. Одан кейін Астана, Жезқазған және Талдықорған қалаларында – 208 теңге. Алматы, Қарағанды, Қостанай, Өскемен және Семейде 1 литрдің орташа бағасы 207 теңге болды.

Ал ең арзан бензин Атырау қаласында – 195 теңге. Сондай-ақ Шымкентте де баға төмен – орташа есеппен 197 теңге.

Shares