СҚО-дан шыққан Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Владимир Нефедов Удмуртияда қаза тапты
77 жасында Удмуртияның халық әртісі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Владимир Нефедов өмірден өтті. «Сусанин» басылымының мәліметінше, әртіс балық аулау кезінде тоқ соғып, қайғылы жағдайда қаза тапқан. Оның денесі 20 мамыр күні Воткинск ауданына қарасты ауылдардың бірінен табылды, деп хабарлайды QZ News.
Удмуртияның іздестіру-құтқару қызметі оқиға орнына барған кезде денені, жанып кеткен қармақты және сырты күйген автокөлікті анықтаған. Алдын ала болжам бойынша, ер адам балық аулау кезінде қармағын жоғары кернеулі электр желісіне (110 мың вольт) тигізіп, тоқ соққан. Қазір Ресей Федерациясының Тергеу комитеті бұл оқиғаға қатысты тексеру жұмыстарын бастады.
Владимир Нефедов 1948 жылдың 25 ақпанында Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданына қарасты Кордон ауылында дүниеге келген. 1978 жылы М.П. Мусоргский атындағы Орал мемлекеттік консерваториясын тәмамдап, сол жылы Удмуртия Республикасының Мемлекеттік опера және балет театрында шығармашылық жолын бастаған. Театр сахнасында ол Бони («Чардаш ханшайымы»), Зупан («Марица»), Фигаро («Севиль шаштаразы») сынды көптеген жарқын бейнелерді сомдады. 2024 жылы ол К.С. Станиславский мен Вл. И. Немирович-Данченко атындағы Музыкалық театр сахнасында өткен «Музыканы көру» IX музыкалық театрлар фестивалі аясында Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсындағы министр Пангтың партиясын орындады.