СҚО түлектері рекорд орнатуда: оқу жылы жоғары жетістіктермен аяқталуда
Солтүстік Қазақстан облысында 2024–2025 оқу жылы өз мәресіне жақындап келеді. Биыл өңірдегі 444 жалпы білім беретін мектепте білім алып жатқан 73 996 оқушының ішінде 3 642 он бірінші сынып оқушысы мектеппен қоштасуға дайындалуда, ал 6 930 бірінші сынып оқушысы алғашқы оқу жылын аяқтауда, деп хабарлайды QZ News.
Оқу жылының аяқталуына орай «Білімім – Отанымa!» тақырыбында республикалық сынып сағаты өткізіледі. Бұл күні сынып жетекшілері оқушыларымен бірге жыл қорытындысын шығарып, жетістіктерін бөліседі. Іс-шараның негізгі мақсаты – мұғалім еңбегіне құрметпен қарауды қалыптастыру, білімге деген құштарлықты арттыру және оқушыларға өз нәтижелерін әділ бағалауды үйрету.
«Сынып сағатымен қатар барлық мектептерде оқушылар арасында эссе байқауы өтеді. Жұмыстар келесі бағыттар бойынша бағаланады: «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат». 11-сынып түлектеріне арналған салтанатты іс-шаралар 23 немесе 24 мамыр күндері мектеп қабырғасында өткізілуі ұсынылады. Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру 18–20 маусым аралығында өтеді», – деп мәлімдеді СҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.
2025 жылы мектеп бітірушілердің 122-сі «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болып отыр, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда (84 оқушы) айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар, 230 он бірінші сынып, 434 тоғызыншы сынып оқушысы үздік аттестат алуға үміткер.