Петропавловск
+27°C
Главная страница » CҚО » Мәжіліс депутаты Kozybayev University-дің инновациялық жобаларымен танысты

Мәжіліс депутаты Kozybayev University-дің инновациялық жобаларымен танысты

Kozybayev University-ге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Серпін» Ұлттық білім және инновация палатасының президенті Мұрат Әбенов келді. Сапар барысында депутатқа университеттің гранттар мен серіктестік аясында іске асқан, практикалық қолдануға енгізіліп, коммерцияландырылған ғылыми жобалары таныстырылды, деп хабарлайды QZ News.

Университеттің медиа-орталығының мәліметінше, депутатқа таныстырылған негізгі жобалардың бірі – Kozybayev University базасында жұмыс істейтін «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС-нің қызметі болды. Бұл орталық су қоймаларын қалпына келтірумен айналысады және өзінің Chlorella микробалдырын қолданады. Орталықтың ғалымдары зерттеумен қатар студенттерді де тәжірибелік жұмыстарға белсенді тартуда.

Орталықтың жетістіктері қатарында:

  • Chlorella vulgaris SKO атты микробалдырдың авторлық штаммы әзірленіп, патенттелді. Оның өндірісі жылына 600 тоннаға жетті.
  • Петропавл, Қостанай және Шымкент қалаларындағы жинақтаушы тоғандарда биологиялық қалпына келтіру табысты жүргізілді. Бұл иістің азаюына, судың сапасының жақсаруына және зоопланктон мен балық тіршілігінің белсенділенуіне ықпал етті.
  • Жеке штаммды пайдалану арқылы үстіңгі және ағынды суларды тазарту әдісіне арналған республикалық стандарт әзірленді.
  • Көміртекті өтемақы (carbon offset) тұжырымдамасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан мақұлданды.
  • Ағынды суларды декарбонизациялау және тазартудың өзін-өзі ақтайтын технологиясы БҰҰ-ның GCIP «Таза технологиялар» жаһандық инновациялық бағдарламасы аясындағы байқауда жүлделі орын алды.
  • Коммерцияландырудан түсетін роялти үлесі – 10%.

Тағы бір маңызды жоба – Kozybayev University мен «СК Протеин» ЖШС арасындағы ынтымақтастық. Бұл жоба ірі қара мен жылқы терілерін жоғары ақуызды мал азықтық қоспаға айналдыру технологиясын коммерцияландыруға бағытталған. Жобаның авторы – Азық-түлік қауіпсіздігі кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ақан Жүнісов. Жоба «Ғылым қоры» АҚ-ның гранттық қаржыландыру конкурсында жеңімпаз атанып, шамамен 350 млн теңге алды.

Технологиялық үдеріс келесі кезеңдерді қамтиды:

  • Терілерді кептіру, тазалау және дән мөлшеріндей ұнтақтау.
  • Қайта кептіріп, қалған түк қабатын кетіру.
  • Зиянды бактерияларды жою үшін термоөңдеу.
  • Дайын өнімді ұнтақ және түйіршік түрінде шығару.

Алынған өнім Алматы технологиялық университетінде зерттеліп, құрамында ГМО жоқтығы және экологиялық тазалығы расталды. Сынақ нәтижелері бойынша, ақуыздық ұнмен қоректенген бройлер балапандары бақылау тобындағы құрдастарына қарағанда 20–22%-ға артық салмақ жинаған.

Ғылыми жобалармен танысудан бөлек, Мұрат Әбенов «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттермен және Serpin Way керуенінің қатысушыларымен кездесті. Қазіргі таңда Kozybayev University-де бұл бағдарлама бойынша 162 студент білім алуда. Олардың бейімделуіне, қолдауға және жұмысқа орналасуына көмек көрсету мақсатында «Серпін қолдау» орталығы құрылған. Оңтүстік өңірлерден келген барлық студенттер жатақханамен толық қамтылған.

Shares