СҚО-дағы балалар жарақаты: тұрмыстық және көше жағдайындағы жарақаттар артқан
22–30 мамыр аралығында елімізде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай іс-шаралар өтуде. «Қазақстан балалары» бірыңғай ұранымен ұйымдастырылған барлық бастамалар балаларға қамқорлықты мемлекет саясатының басым бағыты ретінде насихаттауға бағытталған. Солтүстік Қазақстан облысында балалар денсаулығын нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның ішінде ауруларды және тәуекел факторларын ерте анықтауға арналған скринингтер мен профилактикалық тексерулер қамтылған, деп хабарлайды QZ News.
«Ерекше назар ерте жастағы балаларға бөлінуде. Биыл бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары базасында Ерте дамыту және араласу орталықтарын ашу басталды. Бұл орталықтар балалардың дамуындағы ауытқуларды дер кезінде анықтап, оларға және ата-аналарына кешенді қолдау көрсетуді мақсат етеді», – деді ана мен бала денсаулығы бөлімінің бас маманы Айнұр Алдабергенова.
Мереке қарсаңында медициналық ұйымдарда ашық есік күндері ұйымдастырылып, сурет, өлең және шығармашылық байқаулар өткізілуде. Стационарларда ем алып жатқан балаларға арнап арнайы құттықтаулар, концерттер мен ойын-сауық бағдарламалар әзірленіп, олар үшін мерекелік көңіл күй сыйлануда.
Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының травматологы Шыңғыс Нұрғалиевтің айтуынша, 2024 жылдың 9 айында 962 бала емделген, олардың 692-сі шұғыл түрде, 270-і жоспарлы түрде қабылданған.
«Өкінішке қарай, 2024 жылдың 9 айында бір өлім жағдайы тіркелді (0,1%), ал 2023 жылдың дәл осы кезеңінде өлім-жітім болмаған. Барлығы 9 айда 646 ота жасалды. Хирургиялық белсенділік деңгейі бұрынғыдай сақталды: 2024 жылы – 66,94%, 2023 жылы – 66,9%. Травматологиялық пунктке жүгіну саны күрт өсті. 2025 жылдың алғашқы үш айында 2857 өтініш тіркелсе, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі 2410 өтініштен әлдеқайда жоғары. Күндізгі стационарда 2025 жылдың алғашқы үш айында 196 бала емделді», – деді Шыңғыс Нұрғалиев.
2025 жылдың алғашқы үш айындағы жарақат түрлері бойынша статистика 2024 жылмен салыстырғанда тұрмыстық, көше, мектептегі және спорттық жарақаттардың айтарлықтай артқанын көрсетеді.