СҚО-да «Жаңажол» өткізу пунктінің қайта жаңғыртылуы басталды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ресей Федерациясының Қорған облысымен шекараға дейінгі республикалық автожолдың қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексерді. Бұған дейін мерзімі созылған бұл жоба қазіргі таңда жаңа мердігердің күшімен белсенді жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін шекараға дейін жаңа жол арқылы қатынау қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда, деп хабарлайды QZ News.
Аталған автожол шекара маңындағы өңірлерді байланыстыратын негізгі арнаға айналып, транзиттік дәліздің дамуына, көлік логистикасы мен туризмнің ілгерілеуіне серпін береді деп күтілуде.
Бұл магистраль «Жаңажол» өткізу пунктіне апарады. Мұнда да биыл ауқымды қайта жаңғырту және жаңарту жұмыстары басталады. Жоба аясында жаңа ғимараттар мен құрылыстар салынып, кіріп-шығатын көлік ағындарына бөлек жолдар ұйымдастырылады, жол төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Сонымен қатар, тексеру жұмыстарына арналған заманауи жабдықтар орнатылып, жарықтандыру жақсартылады.