Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Сулышақ ауылы СҚО-да ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің қатарына қосылды

Сулышақ ауылы СҚО-да ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің қатарына қосылды

Петропавл қаласынан 115 шақырым шығыста орналасқан Сулышақ ауылы ішімдіктен толықтай бас тартқан елді мекендер қатарына қосылды, деп хабарлайды QZ News.

Полиция мәліметінше, Сулышақта алкогольдік масаң күйде жасалған ешбір қылмыс немесе құқықбұзушылық тіркелмеген. Ауыл Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Үспен ауылдық округіне енеді. Аудан орталығы Булаевтан 25 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 45 үйде 217 адам тұрады. Мұнда балабақша мен негізгі орта мектеп жұмыс істейді.

Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі — мал және егін шаруашылығы. Еңбекке жарамды халықтың барлығы «Агро-Комплекс-Сулышақ» ЖШС-де жұмыс істейді, бұл шаруашылықты Қайрат Жанібеков басқарады.

Ауыл ақсақалдары мен полиция қызметкерлері Сулышақта тазалық, тыныштық пен жағымды ахуал орнағанын айтады. Ауылдық округтің әкімі Сарагүл Бейсебаева мұндай моральдық ахуалдың қалыптасуы тұрғындардың еңбекқорлығы мен жергілікті кәсіпорынның оларға деген қамқорлығының нәтижесі екенін атап өтті.

2021 жылдан бері өңірде ішімдіктен бас тартқан ауылдар қатары белсенді дамып келеді. Полицияның қолдауымен бүгінде 13 елді мекеннің тұрғындары алкогольден толық бас тартқан. Соңғы бес жыл ішінде бұл ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Shares