Қызылордада балабақшада бүлдіршін қайнаған суға күйіп қалды
Қызылордадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бір жарым жастағы қыз бала қатты күйік алды, деп хабарлайды QZ News Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 22 мамыр күні облыс орталығындағы жекеменшік балабақшада болған. Бала анасының айтуынша тәрбиеші мен тәрбиеші көмекшісінің әрекетінің салдарынан қайнаған суға күйіп қалған.
«Менің бір жарым жастағы қызымның денесін 1-, 2- және 3-дәрежелі күйік шалды. Оны ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізді. Қазір палатаға ауыстырылды, алайда жағдайы әлі де ауыр. Біз ата-ана ретінде бұл оқиға әділ тергеліп, тек тәрбиеші мен көмекшісі ғана емес, балабақша әкімшілігі мен Қызылорда қалалық білім бөлімінің жауапты қызметкерлері де жауапқа тартылуын талап етеміз. Мұндай қайғылы жағдай ешбір бала мен отбасының басынан өтпеуі керек», – деп жазылған зардап шеккен қыздың анасының Facebook парақшасындағы үндеуінде.
Оқиға болған балабақшаның меңгерушісі Акжан Абдуллаеваның айтуынша, кінәлі екі қызметкер жұмыстан босатылған. Балабақша тарапынан баланың анасына қолдау көрсетіліп жатыр.
«22 мамыр күні балабақша тәрбиеленушісі әжетханаға барған кезде киімі былғанып қалған. Тәрбиеші көмекшісі оны жуындыруға тырысып, абайсызда ыстық судың кранін ашып жіберген. Соның салдарынан бүлдіршін күйік алды. Бұл жағдай үшін ата-анасынан кешірім сұраймыз. Біз баланың емдеуші дәрігерінен жағдайын тұрақты түрде сұрап отырамыз, балаға не қажет екенін күн сайын біліп, қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. Балабақша бастамасымен екі қызметкер жұмыстан шығарылды. Бала толық сауығып кеткенге дейін емдеу шығындарының барлығын өз мойнымызға аламыз. Жағдай біздің бақылауымызда», – деді Акжан Абдуллаева.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасында баланың жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылғанын растады. Дәрігерлер жағдайын ауыр деп бағалауда.
«Қыз бала сол қолы, іші, арқасы, саны мен аяғының сол жақ бөлігіне термиялық күйік алған. Терінің шамамен 20 пайызы зақымданған. Дәрігерлер баланың денсаулығын қалпына келтіру үшін барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Әдетте сауығу шамамен 20 күнге созылады», – деді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сабит Тұрсынбекұлы.