СҚО-да 8 мың бас малға арналған ферма салынуда

Солтүстік Қазақстан облысында 8 мың басқа арналған ферма салынып жатыр. Жобаны «Зенченко и К» КС жүзеге асыруда, инвестиция көлемі – 9 млрд теңге. Іске қосылғаннан кейін бұл сүт кешені еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі нысанға айналады деп күтілуде. Жыл сайынғы өндіріс көлемі 26 мың тонна сүт болады, деп хабарлайды QZ News.

СҚО-да сүтті мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді: биыл 11 жаңа ферманың құрылысы жоспарланса, былтыр 17 сүт кешені сәтті іске қосылған.

Қызылжар ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов кешеннің құрылысымен танысты. Сондай-ақ, ол «Зенченко и К» КС-ның егіс алқабын және Геннадий Зенченконың қолдауымен салынған көпфункционалды балалар және спорт алаңын аралады. Өңір басшысы заманауи жаңбырлатқыш жүйелермен жабдықталған «Сервис Жарс» ЖШС-нің жоңышқа алқабындағы шабындық жұмыстарын да көрді. Аталған шаруашылық жоңышқаны өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отыр.

Сапар аясында аудандағы аграрийлермен кездесіп, көктемгі егіс науқанының аяқталуына арналған жиын өтті.
