Петропавлда 2-ЖЭО-да жаңа мұржаның тәжірибелік-өндірістік іске қосылуы өтті
4 маусым күні сағат 12:20-да Петропавлдағы «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-на қарасты 2-ЖЭО-да №1 мұржаның тәжірибелік-өндірістік іске қосылуы сәтті өтті, деп хабарлайды QZ News «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ына сілтеме жасап.
Сынақтың негізгі мақсаты – техникалық сипаттамаларды тексеру және түтін шығарындыларын бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйесін баптау болды.
«Жоба аясында жабдықты ауыстырып-қосу және белгілеу бояуын жағу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін мұржа өнеркәсіптік пайдалануға беріледі», – деді Петропавл 2-ЖЭО директоры Дмитрий Захаров.
Мұржаның діңгегін құю жұмыстары 2024 жылғы 5 тамызда басталып, құрылыс рекордтық мерзімде – небәрі 73 күнде аяқталды. Соңғы бетон 2024 жылғы 16 қазанда құйылды. Қалқанды шешкеннен кейін қорғаныс қақпағы, баспалдақ, жарық белгі алаңдары, балкондар, сыртқы жарықтандыру және найзағайдан қорғау жүйесі орнатылды. Жаңа мұржаның биіктігі – 180 метр, бұл №2 және №3 жұмыс істеп тұрған мұржалардан 30 метрге биік.
2025 жылдың наурыз айында мұржаның астыңғы бөлігін жабдықтау, ішкі діңгекке антикоррозиялық қорғаныс жағу және №1–4 қазан агрегаттарын магистральды газ құбырына қосу жұмыстары басталды. Сонымен қатар атмосфераға шығарындыларды бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды.