Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған ауқымды конференция өтті

Петропавлда Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған ауқымды конференция өтті

May 30, 2025 20:07

Петропавл қаласында көрнекті мемлекет қайраткері, жазушы әрі ағартушы Смағұл Сәдуақасовтың туғанына 125 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, ғылыми қауым өкілдері, өлкетанушылар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен жастар қатысты, деп хабарлайды QZ News.

Конференция аясында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қорынан алынған бірегей материалдар ұсынылған мұрағаттық-құжаттық көрме таныстырылды.

Смағұл Сәдуақасов кеңестік кезеңде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына, халықтың мәдени және рухани құндылықтарының нығаюына өлшеусіз үлес қосты. Ол ана тілін сақтау, ұлттық дәстүрлерді дамыту, қазақ мәдениеті мен тарихын кеңінен насихаттауға белсенді атсалысты. Оның өмір жолы – халқы үшін аянбай қызмет етудің жарқын үлгісі. Облыс әкімі конференция барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Онда Смағұл Сәдуақасовтың рухани мұрасының маңыздылығы ерекше атап өтілді.

«Ол – күрделі тарихи кезеңдерде ел мүддесі үшін табандылықпен еңбек еткен көрнекті мемлекет қайраткері. Оның бастамасымен мәдениет, білім беру және қоғамдық өмірдің дамуына серпін берген маңызды реформалар жүзеге асты. Смағұл Сәдуақасовтың тікелей ықпалымен ұлттық өнер мен рухани жаңғырудың ошағына айналған алғашқы қазақ театры ашылды. Сондай-ақ ол Қазақ педагогикалық институтының негізін қалап, кейін оның ректоры болды. Осылайша республикадағы білім беру жүйесінің қалыптасуына елеулі үлес қосты», – деді облыс басшысы.

Смағұл Сәдуақасов жас күнінен-ақ ерекше қабілетімен көзге түсті – 15 жасында өз бетімен білім алып, кейін мұғалімдік қызметке кірісті. Ол Мағжан Жұмабаевпен бірге жастардың рухани дамуына үлкен ықпал еткен «Балапан» балалар журналын шығаруға атсалысты. Смағұл Сәдуақасов – кемеңгер, көреген және жаңашыл тұлға ретінде есте қалды. Оның есімі еліміздің тарихында ерекше орын алады және жаңа буын үшін шабыт көзіне айналып отыр. «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы он жылдан астам уақыт бойы Смағұл Сәдуақасовтың тұлғасын терең зерттеп келеді.

«Оның еңбегі мен дарынын бір күнде айтып тауысу мүмкін емес. ХХ ғасырда ол қазақ жастарының жарқын көшбасшысы, өз дәуірінің биік мұраттарының символына айналды. Жігері мен табандылығы, терең білімімен қатарластарын рухтандырып, өз ісімен үлгі бола білді. Жас болса да, ол Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды дара тұлғалармен иық тірестіре еңбек етіп, зияткерлік және рухани тұрғыдан олардан еш кем түскен жоқ. Оның есімі – ағартушылыққа, еркіндікке және мәдени жаңғыруға деген ұмтылыстың айғағы ретінде тарихта қалды», – деді академик.

Министрліктен кеткен соң, Смағұл Сәдуақасов Мәскеу көлік инженерлері институтына түсіп, оны сәтті аяқтады. Кейін Мәскеу – Донбасс темір жолының құрылысына қатысты. Оның өмір жолы 1933 жылы өкінішке қарай, кенеттен үзілді.

Shares