Солтүстік Қазақстан облысы Қорғанмен ынтымақтастықты нығайтуда: жаңа келісімдер мен тауар айналымының өсуі

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған делегация Ресей Федерациясының Қорған облысына іс-сапармен барды. Сапар Қорған облысының губернаторы Вадим Шумковтың шақыруымен өтіп, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дархан Абаев пен Екатеринбургтегі Бас консулы Жарас Мамытбековтің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ News.
Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желілерде атап өткендей, екі өңір арасындағы ынтымақтастық белсенді түрде дамып келеді. Соңғы бес жылда СҚО мен РФ арасындағы тауар айналымы 1,6 есеге артып, 700 миллион АҚШ долларына жетті. Вадим Шумковпен кездесу барысында сауда-экономика, ғылым-техника және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді жүзеге асыруға арналған жол картасы талқыланды. Бұл құжат екіжақты серіктестікті одан әрі кеңейтуге бағытталған.

Кездесуде басты назар бизнес-бастамаларды дамыту мен бірлескен инвестициялық жобаларға аударылды. Қос шекаралас өңірдің кәсіпкерлері нәтижелі B2B кездесулер өткізді.
Сапар аясында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды: Қорған облысының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен СҚО Кәсіпкерлер палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім, «СПК «Солтүстік» инвестициялар және инновациялық қолдау орталығы мен «Кургансемена» агрокешені арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, сондай-ақ «Кургандормаш» АҚ пен «Қызылжар» АЭА арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Коммуналдық және арнайы техникалар өндіретін «Кургандормаш» компаниясы «Қызылжар» АЭА аумағында құрастыру зауытын ашуды жоспарлап отыр.
СҚО делегациясы Қорған облысының жетекші кәсіпорындары – «Кургандормаш», «Курганстальмост», «Бурлак» жол талғамайтын көліктері мен индустриялық паркті аралап, өндірістік кооперация мен технология алмасу мақсатында олардың өндірістік әлеуетімен танысты.

Сапар барысында Қорған облысында тұратын қазақ диаспорасымен кездесу өтті. Онда қолдау, білім беру және мәдени байланыстарды кеңейту мәселелері көтерілді.

Ғауез Нұрмұхамбетов Қорған облысындағы әріптестеріне мазмұнды бағдарлама үшін алғыс білдіріп, бұл сапар мен қол қойылған құжаттар өңіраралық ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды қадам болғанын және серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындағанын атап өтті.
