Долларды қабылдамай ма? Ұлттық банк қазақстандықтарға үндеу жасады

Ұлттық банк Қазақстанда қолма қол шетел валютасын айырбастау ережелері туралы мәлімет берді, деп хабарлайды QZ News Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Реттеуші орган төлемге жарамды және жарамсыз банкноттарды айырбастау тәртібін, сондай-ақ айырбастауға негізсіз бас тарту жағдайында не істеу керектігін түсіндірді. Төлемге жарамсыз шетелдік банкноттарды сатып алу және айырбастау тек инкассо операцияларын жүргізу бойынша шетелдік банктермен келісімшарттары бар уәкілетті банктер арқылы ғана жүзеге асырылады.
«Мұндай операциялар үшін алынатын комиссия банкноттың атаулы құнының 10 пайызынан аспауы тиіс. Бұл ретте клиент инкассо шарттарымен жазбаша түрде келісіп, шетелдік банк — эмитент тарапынан айырбастау операциясын жүргізуден бас тарту мүмкіндігі туралы хабардар етіледі», — делінген хабарламада.
Төлемге жарамды шетел валютасын сатып алу және сату кезінде оның номиналы мен шығарылған жылына шектеу қойылмайды. Төлемге жарамды банкноттар — олар эмитент ел аумағында заңды төлем құралы болып табылатын және сол елдің ресми анықтамалық материалдарында сипатталған белгілерге толық сәйкес келетін валюталар. Кейбір жағдайларда айырбастау пункті жеке тұлғаға валюта айырбастаудан бас тартуға құқылы:
кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң талаптарына сәйкес шараларды қолдану;
жеке басын куәландыратын құжаттың (соның ішінде электронды форматтағы) ұсынылмауы.
«Егер айырбастау операциясынан негізсіз бас тартылса, азаматтар айырбастау пункті орналасқан өңір бойынша Ұлттық банктің аумақтық филиалына шағым түсіре алады. Шағымда бас тарту жағдайын сипаттап, тиісті заң шеңберінде шаралар қабылдау үшін қажетті құжаттарды қоса ұсыну қажет», — деп көрсетілген мемлекеттік реттеушінің хабарламасында.
