Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО әкімі денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлерін марапаттады

СҚО әкімі денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлерін марапаттады

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шарада өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан дәрігерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады, деп хабарлайды QZ News.

Өз сөзінде облыс әкімі өңірдегі денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Дәрігер болу – бұл жай ғана мамандық емес. Бұл – жанкештілік пен төзімділікті, үлкен жүректі талап ететін өмірлік миссия. Сіздер күн сайын адамдарға үміт, денсаулық және өмір сыйлайсыздар. Президенттің «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында өңірде 46 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынды, олар заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Бұл 55 мыңнан астам ауыл тұрғынын сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.

Марапатталғандардың арасында – Петропавлдағы облыстық қан орталығының диагностика және инфекциялық зертхана меңгерушісі Людмила Мусиенко бар. Оның медицинадағы еңбек жолы 1982 жылы Омбы медициналық институтын бітіргеннен кейін басталған. Ол денсаулық сақтау саласында 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Людмила Михайловна ата-анасының жолын қуып, медицинаға бүкіл өмірін арнаған династиялық дәрігер.

– Бұл жоғары марапат – тек менің ғана емес, бүкіл ұжымымыздың еңбегінің нәтижесі деп санаймын. Бұл құрмет үшін зор алғыс айтамын. Денсаулық пен күш-қуатым жеткенше еңбек ете беремін, – деді Людмила Мусиенко.

Қазақстанда Медицина қызметкерлері күні биыл 15 маусымда аталып өтеді. Бұл күні адам өмірін күн сайын құтқарып жүрген жандарға алғыс айтылады.

Shares