Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің сарбаздарын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті

Петропавлда ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің сарбаздарын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті

Петропавл қаласында ҚР Ұлттық ұланының 6637 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шара Креативтік орталық базасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ News.

Өткен жылы әскерге шақырылған сарбаздар соңғы су тасқыны кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапатталды. Оларға алғыс хаттар, мақтау қағаздары және түрлі марапаттар табысталды. Әскери бөлімнің командирі Досан Күркеновтың айтуынша, сарбаздар өздеріне жүктелген барлық міндеттерді абыроймен орындаған.

«Олар су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты. Күндіз-түні қап тасып, ауыр жұмыстарды атқарды. Алайда, соған қарамастан, сарбаздар таңнан кешке дейін жұмыс істеді, кезекпен де еңбек етті. Сонымен қатар, олар қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету қызметтерін атқарды. Бүгінгі таңда сарбаздар өз міндеттерін толық орындады. Енді 200 әскери қызметші үйлеріне оралады. Олардың барлығы әртүрлі өңірлерден шақырылған. Бүгін бәріне құрмет көрсетіп, алғыс айтып, үйлеріне шығарып саламыз», – деді Досан Күркенов.

Ресми марапаттау рәсімінен кейін сарбаздар үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кейбір сарбаздардың «Срочник 2.0» бағдарламасы аясында келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруға шешім қабылдағаны атап өтілді.

Shares