Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдағы №9 мектепте төбе плиткалары опырылып түсті

Петропавлдағы №9 мектепте төбе плиткалары опырылып түсті

2025 жылғы 18 маусым күні Петропавл қаласындағы №9 орта мектепте түлектерге аттестат тапсыру салтанаты кезінде оқыс оқиға болды. Сағат 11:00 шамасында акт залының артқы бөлігінде төбе плиткалары опырылып түсіп, шамамен 13 шаршы метр аумақты қамтыған, деп хабарлайды QZ News.

Оқиға кезінде залда 100-ге жуық адам — түлектер, мұғалімдер мен ата-аналар болған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

«Төбе опырылып түскен соң ұйымдастырушылар жедел түрде іс-шараны көшеге ауыстыру туралы шешім қабылдады. Аттестат тапсыру рәсімі мектеп аумағында, алдын ала жоспарланған сценарий бойынша жалғасын тапты. Қазіргі уақытта төбенің құлау себебін анықтау бойынша тексеріс жүргізілуде. Нәтижесінде нысанды тексеру актісі толтырылып, салдарын жою бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы.

Акт залына соңғы рет жөндеу жұмыстары 20 жыл бұрын жүргізілген.

Shares