Қазақстанда науқас балаға күтім жасауға байланысты берілетін демалыс төлене ме?

Ата-аналар балаларының ауруына байланысты жұмысқа шықпай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда олар үшін ақысы толық көлемде болмаса да, төлем алу мүмкіндігі қарастырылған, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
eGov.kz порталының мәліметінше, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы – немесе “ауру парағы” – азаматтардың уақытша еңбекке жарамсыз екенін растайтын және жұмысынан уақытша босатылып, жәрдемақы алуға құқық беретін құжат.
Ол мына жағдайларда рәсімделеді:
- жедел немесе созылмалы аурулардың асқынуы;
- уақытша еңбекке жарамсыздыққа алып келген жарақаттар мен уланулар;
- жүктілік пен босану, сондай-ақ жүктілікті жасанды үзу;
- науқас балаға күтім жасау;
- жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу;
- санаторий-курорттық мекемелерде сауықтыру;
- карантин;
- ортопедиялық протездеу.
Яғни, баласы ауырған ата-аналар балаға күтім жасау үшін “ауру парағын” рәсімдеп, тиісті төлемді ала алады.
Алайда, төлем арнайы формула бойынша есептелетінін және алынатын сома ресми жалақыдан төмен болуы мүмкін екенін ескеру қажет. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша әлеуметтік төлемнің шарттары Еңбек кодексінің 133-бабында белгіленген.
Бұл төлемдерді жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді (жүктілік пен босануға байланысты ауру парағы — ерекшелік, ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді).
Жәрдемақы сомасы қазақстандықтардың орташа күндік табысын уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңіне түскен жұмыс күндерінің санына көбейту арқылы есептеледі. Ал орташа күндік табыс – соңғы 12 айдағы есептелген жалақы сомасын сол кезеңдегі жұмыс күндерінің санына бөлу арқылы анықталады.
Науқас балаға күтім жасау жәрдемақысын алу үшін:
- үйде емделген жағдайда – учаскелік педиатрға ауру парағын рәсімдеу қажеттігін хабарлау қажет. Бұл құжат жұмыс істейтін ата-ананың атына емханада немесе үйге дәрігер шақырған кезде беріледі;
- стационарлық ем қабылдаған жағдайда – аурухана жүргізетін медициналық ұйым береді.
