Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » “Қақпа алдындағы кездесу”: СҚО-да үш сотталушы туғандарының қолдауымен жаңа өмір бастады

“Қақпа алдындағы кездесу”: СҚО-да үш сотталушы туғандарының қолдауымен жаңа өмір бастады

Солтүстік Қазақстан облысындағы №51 мекемеде «Қақпа алдындағы кездесу» атты әлеуметтік жоба аясында іс-шара өтіп, үш бірдей сотталушы бостандыққа шықты. Бұл күні оларды туған-туыстары, жақындары мен достары қарсы алды. Олар күтіп, үміт артып, сенімін жоғалтпаған еді, деп хабарлайды QZ News.

Іс-шараға Айыртау ауданының пробация қызметі мен мансап орталығының өкілдері қатысты. Олар босатылған азаматтармен әңгімелесіп, өзекті бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмысқа орналасуға және әлеуметтік бейімделуге көмектесуге дайын екендерін білдірді.

Сотталушылардың бірінің мекемеге түскен кезде ешбір құжаты болмаған. Оған жеке басын куәландыратын құжатты қалпына келтіруге көмектесті. Бүгінде ол тек үмітпен ғана емес, жаңа өмір бастауға нақты мүмкіндікпен түрмеден шықты.

ҚАЖД мәліметінше, «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы жаңа өмірге қадамды сенім мен қолдаудан бастау керектігін айқын көрсетеді. Бұл – сотталушыларға бостандықтың құнын ұғындыру, өткен өмірін қайта саралап, түзелу жолына түсуге мүмкіндік беру мақсатында мекеме қызметкерлері атқарып жатқан маңызды да ауқымды жұмыстың нәтижесі.

Shares