Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да Прибрежное ауылына көпір салынып, бөгеттер нығайтылады

СҚО-да Прибрежное ауылына көпір салынып, бөгеттер нығайтылады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Прибрежное ауылына автомобиль көпірі салынып, облыстық маңызы бар жолдың қайта жаңғыртылатынын хабарлады. Бұл шешім жыл сайын көктемгі тасқын кезінде сыртқы әлеммен байланысы үзіліп қалатын ауылды жыл он екі ай қатынаспен қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды QZ News.

«Прибрежное ауылы жыл сайын су тасқыны кезінде сыртқы әлемнен оқшау қалып қояды. Бұл мәселені шешудің жолы – автомобиль көпірін салып, облыстық жолды қайта жаңғырту. Бұл ауылды тұрақты көлік қатынасымен қамтамасыз етеді», – деп жазды Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әкімнің айтуынша, жобаның сараптамасы осы жылдың соңына дейін дайын болады, ал құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.

Биылғы көктемдегі су тасқыны бетон плиталармен нығайтылған бөгеттердің тиімділігін көрсетті. Үщев, Былғары зауыты және Биопруд учаскелерінде қабылданған шаралар су шайып кету мен су басу жағдайларын болдырмауға мүмкіндік берді.

Енді дәл осындай бөгеттерді бетондау жұмыстары Тепличное және Прибрежное ауылдарында жалғасады. Келесі кезең – Бескөл ауылы. Бұл шаралар қорғаныс құрылыстарының беріктігін арттырып, алдағы жылдары елді- мекендер үшін қауіп-қатерді едәуір азайтады.

Shares