Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Мәжіліс депутаттары Петропавлдағы балабақша құрылысын тексерді

Мәжіліс депутаттары Петропавлдағы балабақша құрылысын тексерді

«AMANAT» партиясынан Мәжіліс депутаттары Петропавл қаласындағы маңызды әлеуметтік нысандардың бірі – 280 орындық балабақшаның құрылыс барысымен танысты. Бұл жоба заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару аясында қаржыландырылып отыр. Жалпы қаржыландыру көлемі – 1,9 млрд теңге, деп хабарлайды QZ News.

Мәжілісмендер Еркебұлан Мамбетов пен Дмитрий Колода бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын, құрылыс нысанының жағдайын және мерзімдердің сақталуын тексерді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының шамамен 40 пайызы орындалған. Балабақшаны осы жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарланған.

Дмитрий Колода мемлекетке қайтарылған қаражат халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс екенін атап өтті.

– Бұл – «AMANAT» партиясының басты ұстанымы. Біз тек қағаз жүзіндегі бақылаумен шектелмейміз, әр теңгенің өз мақсатында жұмсалып жатқанын көзбен көру үшін нысандарға барамыз. Петропавлда жаз мезгілі қысқа екенін ескеру керек. Егер алдағы екі айда жұмысты жеделдетпесек, мердігерлер маусымдық шектеулерге тап болуы мүмкін. Күзге дейін негізгі құрылыс кезеңдерін аяқтап үлгеру қажет, – деді депутат.

Балабақшаның құрылысын «Основание» ЖШС жүргізіп жатыр. Техникалық қадағалауды «Стадия» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «Севгражданпроект» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба 2023 жылғы тамызда мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған, құрылыс 2025 жылғы ақпанда басталған.

Депутаттар Солтүстік Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымына ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Өңірде бюджетке қайтарылған қаражат есебінен 33 әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде балабақшалар, мектептер, спорт және медицина нысандары бар. Бұдан бөлек, биылғы жазда облыстағы 35 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу үшін 4,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Shares