Ақжар ауданының пробация қызметі бөлімінде есепте тұрған азамат бизнес бастауға грант алды
Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданының пробация қызметі бөлімінде есепте тұрған азамат «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуды сәтті аяқтап қана қоймай, өз бизнес-идеясын жүзеге асыру үшін 1,5 миллион теңгеден астам мемлекеттік грантқа ие болды, деп хабарлайды QZ News.
Өз ісін бастауға дайын екенін растайтын сертификат алғаннан кейін оған пробация қызметі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді. Бұл қолдау кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба аясында грант рәсімдеуге мүмкіндік берді.
«Бүгінде ол «Даяна» атауымен жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелген. Оның негізгі қызмет бағыты – инкубациялық технологияларды қолдана отырып үй құстарын өсіру және көбейту.
Бұл оқиға – мемлекеттік бағдарламалар мен тиісті органдардың тиімді қолдауы қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға бейімделуге, жаңа кәсіпті игеруге және өз ісін бастауға мүмкіндік беретінін, сол арқылы қоғамға толыққанды қайта оралуға жол ашатынын айқын көрсетеді», – деді СҚО ҚАЖ департаментінің өкілдері.