Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » СҚО-да ерлер колониясынан алғашқы тоғыз сотталған рақымшылық бойынша босатылды

СҚО-да ерлер колониясынан алғашқы тоғыз сотталған рақымшылық бойынша босатылды

Қазақстанда 2025 жылғы 23 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды іске асыру басталды. Осыған орай, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №51 мекемесінен 9 сотталған азамат бостандыққа шықты, деп хабарлайды QZ News.

ҚАЖ департаментінің мәліметінше, аталған азаматтар рақымшылыққа жаза мерзімі, баптары, тәртібі және басқа да жеңілдететін жағдайларға сәйкес іліккен. Олардың басым бөлігі – ұрлық жасағаны үшін сотталған ер адамдар. Босатылғандардың ең үлкені – 49 жаста, ал біреуінің жазасын өтеу мерзімі небәрі 8 ай қалған болатын.

«Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы түзеу мекемелерінде 1700-ден астам адам жазасын өтеуде. Алдын ала мәлімет бойынша, жаңа заң аясында шамамен 250 адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін», – деп хабарлады СҚО ҚАЖ департаменті.

№51 мекеме басшылығы әрбір істің жеке қаралатынын және босату туралы шешім заң талаптарына сәйкес қатаң түрде қабылданатынын атап өтті. Бостандыққа шыққан азаматтарға өмірге бейімделу үшін қолдау көрсетіледі. Оларға пробация қызметі мен жұмыспен қамту орталықтары арқылы көмек ұсынылады.

Shares