Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Төтенше жағдайлар министрі СҚО құтқарушыларына жаңа техниканың кілтін табыстады

Төтенше жағдайлар министрі СҚО құтқарушыларына жаңа техниканың кілтін табыстады

July 6, 2025 10:16

Петропавл қаласының орталық алаңында Солтүстік Қазақстан облысының құтқару бөлімшелеріне жаңа құтқару техникаларын табыстау рәсімі өтті. Заманауи техникалардың кілттерін ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов жеке өзі табыстады, деп хабарлайды QZ News.

Жаңа техникалар аймақтың төтенше жағдайларға – өрт, су тасқыны және басқа да апаттарға жедел әрекет ету мүмкіндігін едәуір арттырады. Табыс етілген техниканың қатарында – жедел әрекет ету көліктері мен ең күрделі әрі қолжетімсіз жерлерде жүре алатын жол талғамайтын көлік бар.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов заманауи құрал-жабдықтардың маңызын айта келе, құтқарушылардың кәсіби даярлығы бәрінен маңызды екенін ерекше атап өтті:

«Жақсы техника – мүмкіндігімізді кеңейтеді. Бірақ шешуші рөлді оны дұрыс қолдана білетін адам атқарады. Бізге тек дайын болу ғана емес, сонымен қатар құтқаруға көмектесетін барлық нәрсені қадірлеу маңызды», – деді министр.

Жаңа техникалар – солтүстікқазақстандық құтқарушылардың техникалық әлеуетін арттырып, кез келген жағдайға дайын болуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Shares