Ұлттық домбыра күні: Ғ.Мүсірепов кітапханасында мерекелік іс-шара өтті
Домбыра күніне орай Ғабит Мүсірепов атындағы кітапханада ерекше кеш өтті. Іс-шараны Жастар ресурстық орталығы мен «AMANAT» партиясының «Болашақ» филиалы ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ News.
Мерекелік бағдарлама аясында өнерлі студенттер мен мектеп оқушылары қазақ композиторларының күйлерін орындап, ұлттық аспапты шебер меңгергендерін көрсетті. Көрермендердің ерекше ықыласына бөленген сәт – «домбыра-party» болды. Мұнда кез келген адам домбыра тартып, бірлік пен ұлттық рухқа толы ерекше атмосфераға үлес қосты. Сондай-ақ, кеште қазақстандық авторлардың әндері шырқалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – жастар мен жалпы жұртшылық арасында қазақ мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерді насихаттау. Бұл іс-шара қазақ халқының бай мұрасына жақындауға, домбыраның ұлттық бірегейліктің символы ретіндегі маңызын сезінуге тамаша мүмкіндік болды.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.