СҚО-дағы әйелдер колониясының кітапханасы 100 кітаппен толықты
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №50 мекемесінің кітапхана қоры 100-ден астам жаңа кітаппен толықты. Бұл құнды тарту сотталған әйелдің анасы тарапынан тегін берілді, деп хабарлайды QZ News.
Жаңа түскен кітаптардың қатарында көркем және классикалық әдебиет, публицистика, сондай-ақ анықтамалық және оқу басылымдары бар. Бұл қадам тек қызын қолдаудың белгісі ғана емес, сонымен қатар сотталғандарды ағарту ісіне қосылған үлес болды.
Сыйға тартылған кітаптар еркін оқуға да, білім алу мақсатында да қолжетімді болады. Олар сотталғандардың сауаттылығын арттыруға, оқуға дайындалуға және мәдени-ағартушылық іс-шараларға қатысуына көмектеседі.
Бүгінгі таңда мекеме кітапханасында түрлі тақырыптағы және жанрдағы 6,5 мыңнан астам кітап бар. Осындай тұрақты толықтырулардың арқасында кітапхана қоры дамып, сотталғандарды әлеуметтік бейімдеуге үлес қосып келеді.