СҚО-да ауыл тұрғыны әйеліне балағат сөз айтқаны үшін 10 тәулікке қамалды
Қызылжар аудандық сотында азамат С.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Ол бір жыл ішінде екінші рет жұбайына балағат сөз айтып, ұрсысқаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды QZ News.
Сот отырысы барысында құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, үй жағдайында әйеліне бейәдеп сөздер айтқанын растады. Азамат С.-ның кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама, жауап алу хаттамасы және бұған дейін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылғанын дәлелдейтін арнайы есеп деректері негізінде толық дәлелденді.
«Сот шешімімен азамат С. кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, оған үш ай мерзімге арнайы мінез-құлық талаптары белгіленді. Атап айтқанда, алкогольді ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды», – деп хабарлады сот өкілдері.