Қазақстанда тамаққа ақшасы жетпейтін азаматтар көбейді
Қазақстанда кедейлік деңгейі жан басына шаққандағы табысы күнкөріс минимумынан (КМ) төмен отбасылардың үлесімен анықталады. Соңғы деректерге сәйкес, мұндай азаматтар ел халқының 4,5%-ын құрайды — бұл шамамен 1 миллион адам, яғни әрбір жиырмасыншы қазақстандық. Олардың бір бөлігі тіпті тамаққа да ақша жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде азық-түлік себетінің көлемінен (күнкөріс минимумының 55%-ынан) төмен табысы бар 3 мыңнан астам отбасы немесе 16,5 мың адам тұрады.
Мысалы, 2025 жылғы наурызда күнкөріс минимумы 53 385 теңгені құраған. Ал оның 55%-ы — яғни азық-түлік себеті — бір адамға небәрі 29 362 теңге. Бірінші тоқсанда 3 мыңнан астам отбасы, немесе 16,5 мыңға жуық адам дәл осы мөлшерге де жетпейтін табыспен өмір сүрген.
Назар аударатын жайт — мұндай азаматтардың басым бөлігі қалаларда тұрады: 2 495 отбасындағы 13,7 мың адам. Ал ауылдық жерлерде – 522 отбасындағы 2,8 мың адам ғана.
Жалпы алғанда, табысы азық-түлік себетінен төмен азаматтардың үлесі өзгеріссіз – 0,1% болып қалғанымен, нақты саны өскен. 2024 жылдың бірінші тоқсанында елде мұндай жағдайда өмір сүргендер саны 2 635 отбасындағы 15,3 мың адам болған.
Айта кету керек, соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда күнкөріс минимумы айтарлықтай өсті – қазіргі таңда ол 58 655 теңгені құрайды. Бұл — наурыз айымен салыстырғанда 9,87%-ға немесе 5 270 теңгеге көп. Яғни өмір сүру құны айтарлықтай қымбаттаған.