Петропавлда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 35 млрд теңгеден астам инвестиция салынады
July 15, 2025 17:14

Петропавл қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары «Қызылжар су» ЖШС тарапынан белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы желілердің тозуына қарамастан, бұл бағытта бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Бүгінде су құбыры желілерінің ұзындығы – 344 шақырым, тозу деңгейі – 58,5%, ал кәріз желілерінің ұзындығы – 257 шақырым, тозуы – 61,6%, деп хабарлайды QZ NEWS.
Соған қарамастан, қалада абаттандырылған сектор мен әлеуметтік маңызды нысандар 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Петропавлда 1 152 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылған. «Қызылжар су» ЖШС абоненттерінің жалпы саны – 97 587. Оның ішінде 93 673 – тұрғындар, 3 914 – кәсіпорындар.
Жеке сектор тұрғындары да 100% сумен қамтылған. 17 458 жеке абоненттің 6 953-і (40%) су тарту колонкаларын пайдаланады (қалада барлығы 563 колонка бар), ал 10 505 абоненттің (60%) үйлеріне су тікелей кіргізілген.
«Облыс әкімдігі мен ҚР Үкіметінің қолдауымен, инвестор қаражаты есебінен бірінші көтерілімдегі сорғы станциясы толық жаңғыртылды. Биыл су тазарту құрылыстарының бірінші кезеңі бойынша қайта құру жұмыстары аяқталады. Ал екінші кезеңге сметалық құжаттама 1,4 млрд теңгеге түзетілді», – деп хабарлады «Қызылжар су» ЖШС өкілдері.
«Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес, 2029 жылға дейін су жүйелері мен нысандарын ауқымды жаңғырту көзделген:
63 км су құбыры желісі жаңғыртылады – жалпы сома: 27,2 млрд теңге.
80 км кәріз желісі жаңғыртылады – жалпы сома: 8,5 млрд теңге.
2025 жылдың басынан бастап «Қызылжар су» ЖШС өз қаражаты есебінен:
1,2 км апатты су құбыры учаскелерін ауыстырды,
78 су құбыры құдығына ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізді,
өрт гидранттары, бекіту арматурасы және су колонкалары жөнделді.
Кәсіпорынның 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілді. Жалпы сома – 364,8 млн теңге. Бұл қаражатқа өз күшімен:
3,3 км желіге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Жалпы сома – 263 млн теңге. Оның ішінде:
Су құбыры желілері – 2 км 230 м, 214,6 млн теңге;
Кәріз желілері – 1 км 70 м, 150,2 млн теңге.
Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 24 жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеу жоспарланған. Соның ішінде 4 нысан (2 су құбыры және 2 кәріз желісі бойынша) жыл соңына дейін іске асырылады.
