Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Денсаулық сақтау министрі дәрігерлерге шабуылға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады

Денсаулық сақтау министрі дәрігерлерге шабуылға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай мен Қарағандыда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды QZ NEWS NewTimes.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Министр азаматтарды ақ халатты абзал жандарға қарсы күш қолдануды тоқтатуға шақырды.

«Құрметті қазақстандықтар! Сіздерге босану бөлімінде мейіргер болып жұмыс істеген маман ретінде, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігер, кезекші, ординатор болған адам ретінде үн қатқым келеді – медицина қызметкерлеріне жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар! Балаларыңызды, ата-аналарыңызды, жақындарыңызды құтқарып жатқан дәрігер мен мейірбикенің қорқынышы мен дәрменсіздігін елестету мүмкін емес. Тағы да екі жан түршігерлік оқиға – Қарағанды мен Қостанайда. Қарағандыда жеке клиника мейірбикесіне шабуыл жасалды. Ал Қостанай облыстық ауруханасында жас уролог-дәрігер соққыға жығылды. Пациент өз кезегін күткісі келмегені үшін дәрігерге жұдырық жұмсаған. Салдарынан дәрігер есінен танып қалған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы – ауыр. Күн сайын адам өмірін құтқарып жүрген жанға қол көтеру үшін қандай дәрежедегі қатыгездік пен ашу-ызаға бой алдыру керек?! Бейбіт заманда дәрігерлер өз жұмыс орындарында өміріне қауіп төну қаупімен бетпе-бет келіп отыр – бұл ақылға сыйымсыз әрі кешірілмейтін жайт. Бұл – қылмыс. Бұл – ондаған науқастың қабылданбауы, ондаған операцияның кейінге қалдырылуы, бүкіл жүйеге бағытталған соққы», – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ақмарал Әлназарова биылғы қыркүйекте медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заң жобалары Парламентке енгізілетінін хабарлады.

«Мұндай әрекеттер тұрмыстық жанжал емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде бағалануы тиіс. Соңғы уақытта медицина қызметкерлеріне шабуыл жиілеп кеткендіктен, Ішкі істер министрімен бірге шұғыл түрде қабылдау бөлімдерінде, шұғыл көмек көрсететін стационарларда, балалар мен перинаталдық орталықтарда тәулік бойы күзет қою туралы шешім қабылдадық.
Медициналық мекемелер бейнебақылау камераларымен, күзетпен, дабыл түймелерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Баршаңызды барлық деңгейде өркениетті қарым-қатынас мәдениетін сақтауға шақырамын», – деді министр.

Shares