Қазақстанда заң бұзған дүкендер туралы хабарлағандарға сыйақы төлеу жоспарланып отыр
Қазақстанда үй жанындағы дүкендер сатып алу кезінде фискалдық чек беруге міндетті. Бұған дейін бұл талапты бұзған кәсіпкерлерге тек айыппұл салынатын. Енді осыған қатысты шағым түсірген азаматтарды ынталандыру – яғни оларға сыйақы төлеу көзделіп отыр, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Фискалдық чек беру талабы – бұл жай ғана сатып алушының қалауы емес, ел экономикасы мен қалалық инфрақұрылымның дамуын қамтамасыз ететін құрал.
Өйткені кейбір дүкендер чек бермей, салық төлеуден жалтарады. Соның салдарынан жергілікті бюджетке қаражат түспейді, бұл өз кезегінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың қысқаруына, халықьтың тұрмыстық жағдайының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, фискалдық чек – тұтынушының құқығын қорғайтын маңызды құрал. Ол арқылы сатып алушы тауарды қайтаруға немесе ауыстыруға құқылы.
Бұған дейін чек бермеген кәсіпкерлерге 157 280 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін еді. Алайда азаматтар мұндай заңбұзушылық туралы хабарлағаны үшін ешқандай марапат алмайтын. Енді қазақстандықтарды мұндай бастамаларға белсендірек қатыстыру үшін оларға сыйақы төлеу ұсынылып отыр.
Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында айтылған.
Құжат мәтінінде бұл бастама азаматтық белсенділікті тұрақты түрде арттыруға бағытталғаны көрсетілген. Күтілетін нәтиже – бизнестегі кассалық тәртіпті күшейту. Алайда нақты қандай мөлшерде сыйақы берілетіні әлі көрсетілмеген. Сонымен бірге жалған шағымдар үшін жауапкершілік қарастырылған.
«Төлем карталарын қолдану арқылы төлем қабылдайтын бақылау-касса машинасы мен құрылғысын қолдану талаптарын бұзу фактісі туралы хабарлаған адамға ол расталған жағдайда сыйақы төленеді. Ал көрінеу жалған ақпарат берген адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады», – делінген қаулы жобасында.
Құжатты жария талқылау 2025 жылғы 29 шілдеге дейін жалғасады.
Бұл – әрбір қазақстандық аталған қаулы жобасына қатысты өз ұсынысы мен ескертуін енгізе алады деген сөз. Бұл мүмкіндік тек осы құжатқа ғана емес, ашық талқылауға шығарылған барлық жобаларға қатысты.