Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда алаяқ зейнеткерлерді 5 миллион теңгеге алдаған

Петропавлда алаяқ зейнеткерлерді 5 миллион теңгеге алдаған

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Петропавл қаласының 24 жастағы тұрғынын ұстады. Ол бірқатар телефон арқылы жасалған алаяқтыққа қатысы бар деген күдікке ілінді. Жәбірленушілердің барлығы – егде жастағы адамдар. Екі эпизод бойынша келтірілген жалпы шығын 5 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Петропавл қаласының полициясына 67 жастағы зейнеткер әйел жүгінген. Ол үй телефонына бейтаныс әйел хабарласып, өзін оның қызы ретінде таныстырғанын айтқан. Дауысы дірілдеген қоңырау шалушы Ресейде жол апатына түсіп, адвокатқа ақша қажет екенін жеткізген. Осыдан кейін зейнеткердің ұялы телефонына өзін адвокатпын деп таныстырған ер адам хабарласып, оның нұсқауымен әйел такси жүргізушісі арқылы 2 миллион теңге берген. Алаяқ әңгіме барысында зейнеткерге қоңырауды үзбеуді және мобильді телефонды үйде қалдыруды тапсырған.

Кейіннен «қызы» қайта хабарласып, бұл жолы ота жасау үшін ақша сұраған. Алайда бұл жолы зейнеткер күмәнданып, немересіне қоңырау шалған. Немересі анасының дін аман екенін айтқан соң, әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, бірден полицияға жүгінген.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері ақшаны алған 24 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Оның басқа бір алаяқтыққа да қатысы бар екені белгілі болды. Сол тәсілмен 88 жастағы қала тұрғыны алданып, 3 миллион теңгесін берген. Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге ірі көлемдегі айыппұлдан бастап төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп мәлімдеді СҚО ПД.

Shares