Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Петропавлда үздік мал дәрігерлері марапатталды: 70-ке жуық маманға құрмет көрсетілді

Петропавлда үздік мал дәрігерлері марапатталды: 70-ке жуық маманға құрмет көрсетілді

July 16, 2025 14:15

Ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Петропавл қаласында салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кеш барысында Солтүстік Қазақстан облысының ветеринариялық қызметінің үздік мамандары марапатталды, деп хабарлайды QZ NEWS.

Мерекеге орай құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Марат Тасмағамбетов мал дәрігерлерінің еңбегі аса маңызды әрі жауапты екенін атап өтті. Ол өз сөзінде өңірдің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл мамандар тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп, кез келген жағдайға жедел әрекет ететінін ерекше атап өтті.

– Бүгінгі таңда ветеринариялық қызметте өз ісіне адал, кәсіби мамандар жұмыс істейді. Сіздердің біліктіліктеріңіздің, тәжірибелеріңіздің және жауапкершіліктеріңіздің арқасында жануарлардың саулығын қамтамасыз етуде үлкен жетістіктерге қол жеткізіліп отыр, – деді Марат Тасмағамбетов.

Сондай-ақ ол өңірде жыл сайын 7,5 миллионнан астам жануар мен құсқа зерттеу мен вакцинация жасалатынын атап өтті. Бұл – үлкен шыдамдылық пен жоғары кәсіби біліктілікті, ұқыптылық пен егжей-тегжейлі мән беруді талап ететін ауқымды жұмыс.

– Ветеринариялық зертханалар дер кезінде диагноз қою, аурулардың алдын алу, жануарлардан алынатын өнімдердің сапасын бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар шекаралық және ішкі ветеринариялық бақылау жүйелері тиімді пайдаланылады. Бұл жұмыс тек терең білімді ғана емес, жанашырлықты, төзімділікті және үнемі кәсіби дамуға ұмтылуды талап етеді. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында халық қауіпсіз өнім тұтынып, алаңсыз өмір сүріп отыр, – деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты іс-шарада СҚО-ның 70-ке жуық ветеринариялық қызметкері Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және медальдармен марапатталды. Марапат иелерінің қатарында Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Новоишим ауылдық округінің ветеринариялық фельдшері Зарина Қасинова да бар. Ол облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

– Ветеринариялық фельдшердің атқаратын міндеті көп. Бұл – үлкен жауапкершілік. Біз әрдайым алдыңғы шептеміз. Алғашқы көмек көрсетеміз, шақыртуларға барамыз, вакцинация, алдын алу шараларын жүргіземіз, деректер базасына мәлімет енгіземіз. Мал дәрігері болу – бала күнгі арманым еді. Біздің ауылда бұрын-соңды ветеринар дәрігер болмаған, – дейді Зарина Қасинова.

Оның айтуынша, ветеринар мамандығы үшін ең бастысы – жануарларды жақсы көру және оларға көмектесу.

– Жануарларға түсіністікпен қарау керек. Кейде психолог болуға тура келеді. Сонымен қатар адамдармен де жұмыс істей білу қажет. Өйткені кейбір жануарлардың иелеріне не үшін, қандай себеппен немесе басқа процедура қажет екенін түсіндіру өте қиын. Вакцина дұрыс салынбаса, соңы немен аяқталатынын түсіндіру – маңызды міндет, – дейді Зарина.

Мерекелік кеш соңы облыстың өнер ұжымдарың концерттік бағдарламасына ұласты

Shares