СҚО-да қатардағы келісімшарт негізінде қызмет етіп жүрген әскери қызметшіге бұйрықты орындаудан бас тартқаны үшін 98 300 теңге айыппұл салынды

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов аудандық соты әскери қызметші Р.-ға қатысты Қазақстан Республикасының әскери қызмет саласындағы заңнамасын бұзу дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық ісін қарады. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады QZ NEWS.
Іс материалдарына сәйкес, келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген қатардағы Р. тікелей басшысының ауызша бұйрығын қасақана орындаудан бас тартқан. Оқиға шекара наряды кезінде орын алған. Бұйрықты орындамауы салдарынан мерзімі өткен құжатпен жүрген адамның шекарадан заңсыз өтуіне жол берілген.
«Сот отырысы барысында қатардағы Р. кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді. Аудандық соттың қаулысымен Р. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 652-бабының 6-бөлігі (Қазақстан Республикасының әскери қызмет саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған жиырма бес айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 98 300 теңге көлемінде айыппұл салынды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот қаулысының заңды күшіне әлі енбегені атап өтілген.
