Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да ҚР экология және табиғи ресурстар министріне «Техно-Экопарк» жобасы таныстырылды

СҚО-да ҚР экология және табиғи ресурстар министріне «Техно-Экопарк» жобасы таныстырылды

July 19, 2025 14:30

ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге өңірдің негізгі өндірістік нысандарын аралады. Іссапар аясында делегация металл-пластик бұйымдары зауытына, жуғыш және қағаз өнімдерін шығаратын фабрикаларға барып, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының №3 шағын аймағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты, деп хабарлайды QZ NEWS.

Сапар барысында өңірдегі ең маңызды экологиялық-өндірістік жобалардың бірі – «Техно-Экопарк» ерекше назарға ие болды. Жалпы құны 54 миллиард теңгені құрайтын бұл ауқымды жоба коммуналдық қалдықтарды сұрыптап, өңдеп, дайын өнім шығаратын толық циклді кешен құруды көздейді.

«Техно-Экопарк» құрамына мыналар кіреді:

  • Қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) сұрыптап, бастапқы өңдейтін станция;
  • Қағаз өнімдері фабрикасы;
  • Картон өнімдері фабрикасы;
  • Металл-пластик бұйымдары зауыты;
  • Петропавлда орналасатын жаңа ҚТҚ полигоны. Бұл полигон «Техно-Экопаркпен» біріктіріліп, қалдықтарды тиімді өңдеу жүйесін қамтамасыз етеді.

Аталған жобаны іске асыру өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға елеулі үлес қосып қана қоймай, 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. «Техно-Экопарк» қызметінен жыл сайынғы бюджетке түсетін салық көлемі 3 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.

«Qyzyljar» АЭА аясында қағаз және картон өнімдерін шығаратын фабрика құрылысына 9 гектар жер телімі бөлінді. Сонымен қатар, Петропавл мен Бескөлде орналасқан металл-пластик зауыттарын жаңғырту көзделуде. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұл жоба – өңірдің экологиялық тұрақты болашағына жасалған қадам, жаңа жұмыс орындарын құру және «жасыл» технологияларға негізделген қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту», – деп жазды СҚО әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Shares