Петропавлда Қошуков көшесінде жылу құбыры ауыстырылып жатыр

Петропавл қаласындағы Қошуков көшесінде орналасқан №6 жылу магистралінде «Петропавл жылу желілері» ЖШС қызметкерлері жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шаралар алдағы жылыту маусымына дайындықтың бір бөлігі болып табылады, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезеңде диаметрі 500 мм болатын 30 метр құбыр ауыстырылуда. Бұл – қалалықтарды қыс мезгілінде сенімді жылумен қамтудың маңызды қадамы.
«Тұтынушыларға ыстық су әдеттегі тәртіпте жеткізіліп жатыр, ешқандай шектеу қойылмаған. Сондықтан тұрғындарға ыстық судың уақытша тоқтатылуынан алаңдаудың қажеті жоқ», – делінген хабарламада.
«Петропавл жылу желілері» ЖШС өкілдері барлық жұмыс қауіпсіздік талаптарына және сапа стандарттарына сай атқарылып жатқанын атап өтті. Ауа райы қолайлы болса, жөндеу жұмыстары осы аптаның соңына дейін аяқталады.
Жылыту маусымына жалпы дайындық барысы:
- Қазіргі таңда 2,387 шақырым жылу желісі жөнделді;
- Алда 3,982 шақырым құбырда жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жалғасып жатыр. Мақсат – осы күзде тұрғын үйлердің жылумен үздіксіз қамтылуын қамтамасыз ету.
