«AMANAT» партиясының комиссиясы Петропавлдағы балабақша құрылысына баға берді

Петропавл қаласында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатқан жаңа балабақша құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құны 1,9 миллиард теңге болатын жобаның қазіргі таңда 40 пайыздан астамы аяқталған. Құрылыс сапасын және жобаның орындалу барысын бақылау мақсатында құрылыс нысанына Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «AMANAT» партиясының бақылау комиссиясының мүшелері барды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Бұл маңызды әлеуметтік нысанды «Основание» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба 2023 жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған, ал құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталған.
Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде және ешқандай күрделі қиындықтар туындамаған.

«Основание» ЖШС құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауға кепілдік беріп отыр. Партиялық бақылау комиссиясы жобаның ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс барысын тұрақты түрде бақылап отыруды жоспарлап отыр.

Жаңа балабақша балалар үшін заманауи әрі жайлы жағдай жасап, облыс орталығының білім беру инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қоспақ. Бұл нысанның ашылуы қала тұрғындары, әсіресе, бүлдіршіндер үшін маңызды оқиға болмақ.
