Өз ісіне адал маман: Бірқатар марапатқа ие болған СҚО-лық электромонтёр

Солтүстік Қазақстан облысындағы электрмен жабдықтаудың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі – әуе желілері қызметі. Бұл бөлім мамандары күн сайын электр беру желілерін тексеріп, техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын атқарады: бағаналарды ауыстырады, сымдарды тарту мен апаттық жағдайларды жедел қалпына келтіруді жүзеге асырады. Осындай мамандардың бірі – тәжірибелі электромонтер Надияр Құнанбаев, деп хабарлайды QZ NEWS «Севказэнерго» АҚ-на сілтеме жасап.
— Біздің жұмысымызда «ауа райы қолайсыз» деген ұғым жоқ. Қырық градустық аптап та, сібірлік сары аяз да – біз үшін кедергі емес. Барлық жұмыс уақытында атқарылуы тиіс. Өйткені бұл мыңдаған тұтынушының жайлылығы үшін маңызды, — дейді Надияр.
Алғашында оны техникамен жұмыс істеу мүмкіндігі мен еңбектің нақты нәтижесін көру қызықтырған. Бірақ уақыт өте келе, Құнанбаев бұл мамандықтың шынайы маңызы мен жауапкершілігін терең ұғына бастаған.
— Бұл жай ғана физикалық еңбек емес – техникалық білім, нақты есептер және командамен үйлесімді жұмыстың бірлігін талап ететін кәсіп, — деп бөліседі ол.
Әуе желілерінде жұмыс істейтін электромонтерлер үшін қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау – басты талаптардың бірі.
— Әрбір қадамымыз алдын ала жоспарланып, есептелуі тиіс. Біз тек өз өміріміз үшін ғана емес, бүкіл энергетика жүйесінің сенімділігі үшін жауаптымыз, — дейді Надияр.
Надияр Құнанбаевтың кәсіби еңбегі лайықты бағаланып келеді:
- «Ерен еңбегі үшін» медалі (2024 жыл) – тасқын кезінде қызметтік міндеттерді үлгілі атқарғаны үшін;
- «ЦАЭК» АҚ ұйымдастырған кәсіби сайыста бригада құрамында 1-орын және «Үздік электромонтер» атағы;
- Қырғызстанда өткен халықаралық энергетиктер жарысында күміс медаль.
Сіз үйіңізде жарық жанып тұрған кезде, осының артында кімдер тұрғанын бір сәт ойлап көрдіңіз бе?..
