Kozybayev University ғылыми жобаларға 3,2 млрд теңге көлемінде гранттық қаржыландыру алды

Kozybayev University 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми жобалар байқауының нәтижесі бойынша жалпы сомасы 3 миллиард 270 миллион теңге көлемінде гранттық қаржыландыруға ие болды. Бұл қаражат Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан бөлінген, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Университет бірден төрт жоба бойынша жеңімпаз атанды. Олардың ішінде ең ауқымдысы – бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобасы: «Солтүстік Қазақстан облысының су ресурстарын мониторингтеу, тазарту және ұтымды пайдалану бойынша жоғары технологиялық шешімдерді әзірлеу және енгізу арқылы халық денсаулығын қамтамасыз ету». Жоба өңірдегі су сапасы мен қамтамасыз етілуі мәселелерін шешуге бағытталған, бұл тұрғындардың денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – делінген университеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аталған қаржыландыру университетке ғылыми-зерттеу жұмыстарын кеңейтуге, инновациялық технологияларды енгізуге және Солтүстік Қазақстандағы жетекші ғылыми орталық ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
