Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда сот үш баланың анасын тұрғын үй бағдарламасына қатысу құқығын қорғап берді

Петропавлда сот үш баланың анасын тұрғын үй бағдарламасына қатысу құқығын қорғап берді

July 23, 2025 16:29

Солтүстік Қазақстан облыстық соты Петропавл қаласының тұрғыны, кәмелетке толмаған үш баланың анасы пайдасына шешім шығарып, оның тұрғын үй бағдарламасына қатысу құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды QZ NEWS.

Мемлекеттік қызметші болып жұмыс істейтін әйел 2007 жылдан бері тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған. Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін, ол Ольшанка ауылындағы жалпы ауданы 20,2 шаршы метр (тұрғын алаңы — 10,5 ш.м.) болатын тұрғын үйдің төрттен бір бөлігін мұрагерлікпен алған. 2023 жылы бұл мүлікті ол үшінші тұлғаға сыйға тарту шартымен берген.

«2024 жылы Петропавл тұрғыны жергілікті атқарушы органдардың кезектегілерге арналған несиелеу бағдарламасына сәтті қатысып, Петропавл қаласынан бөлінген пәтерге ие болды. Алайда ТҮКШ бөліміне сатып алу-сату шартын жасасу үшін жүгінген кезде оған бас тартылған. Бас тарту “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңның 72-бабының 2-тармағына сүйене отырып, бұрын мұрагерлікке алған тұрғын үйдің үшінші тұлғаға берілгенімен, тұруға жарамды деп танылуына байланысты негізделген», — деп хабарлайды сот.

Әйел ТКШ бөліміне қарсы талап арызбен сотқа жүгініп, сатып алу-сату шартын жасауды талап етті.

«Сот іс материалдарын мұқият зерделей отырып, мұрагерлікке алынған тұрғын үй санитарлық және техникалық талаптарға сай келмейтінін анықтады. Оның жалпы ауданы (20,2 ш.м.) “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңда белгіленген бір адамға кемінде 15 шаршы метр нормасынан едәуір аз болған. Сонымен қатар, сот талапкердің түрлі жыныстағы балаларды тәрбиелеп отырғанын ескеріп, олардың бөлек тұруын қамтамасыз ету қажеттігін де назарға алды. Осы деректер негізінде сот талап арызды қанағаттандырып, тұрғын үй бағдарламасының қатысушысымен сатып алу-сату шартын жасауды ТКШ бөліміне міндеттеді», — делінген хабарламада.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Shares