СҚО прокуратурасы мектептерді цифрландыруға бөлінген қаражаттың негізсіз жұмсалуына жол бермеді

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары білім беру ұйымдарын цифрландыруға бөлінген бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын анықтап, оның алдын алды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Айыртау, Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов аудандары мен Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудандарының білім бөлімдерінің лауазымды тұлғалары Бюджет кодексі мен мемлекеттік сатып алу ережелерін бұза отырып, жалпы сомасы 360 миллион теңгеден астам қаражатқа мектептерді интернет желісіне қосу бойынша қызмет көрсетуге келісімшарттар жасаған.
«Атап айтқанда, Ақжар ауданында Горьков орта мектебінің мұғалімдері интернет жылдамдығының төмендігіне байланысты өз қаражатына роутер сатып алуға мәжбүр болған. Бұл – Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңының тікелей бұзылуы», – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық қадағалау актілері негізінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызмет құнын төмендету бойынша қосымша келісімдер жасалған. Соның нәтижесінде 75,8 миллион теңге көлеміндегі негізсіз бюджет шығындарының алдын алуға мүмкіндік туды.
