Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Шетелде оқуға аттанар алдында Ұлттық ұланның 30-дан астам курсанты әскери ант қабылдады

Шетелде оқуға аттанар алдында Ұлттық ұланның 30-дан астам курсанты әскери ант қабылдады

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Академиясында Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының жоғары әскери оқу орындарында білім алуға байқау негізінде іріктелген 1-курс курсанттары әскери ант қабылдады. Бұл туралы Академияның баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады QZ NEWS.

Әскери ант қабылдау күні — бұл Әскери институт өміріндегі ерекше әрі маңызды оқиға. Жыл сайын әр курсант үшін үлкен жауапкершілік пен мәнге ие бұл шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүздеген адам жиналады. Іс-шарада Академия бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ерден Балғымбаев құттықтау сөз сөйледі.

– Әскери ант қабылдай отырып, сіздер Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жеке құрамының толыққанды мүшесі атанасыздар және әскери құрылымның қатарында боласыздар. Бүгін сіздер Отанға адал болуға ант беріп, шетелдік әскери жоғары оқу орындарында әскери мамандықты меңгеруге жолдама алдыңыздар. Бұл — үлкен жауапкершілік әрі зор құрмет. Сіздердің біліміңіз бен тәртібіңіз арқылы басқа елдің азаматтары біздің мемлекетіміз бен халқымыз туралы көзқарас қалыптастырады, – деді Ерден Балғымбаев.

Курсанттар атынан Азамат Тұрсынханов сөз сөйлеп, әскери басшылық пен командирлердің үмітін ақтап, елді абыроймен танытатындарын жеткізді.

– Бізбен ата-анамыз, бауырларымыз, достарымыз ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы мақтанатын болады, – деді Азамат Тұрсынханов.

Биыл әскери ант қабылдағандар арасында Санкт-Петербург қаласына әскери дәрігер мамандығы бойынша оқуға аттанатын екі қыз курсант та бар.

Shares