2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанда сұйытылған газдың бағасы өседі
2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы қымбаттайды. Бұл өзгеріс көтерме және бөлшек саудаға әсер етеді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Солтүстік Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы 15 пайызға өсіп, 51 932 теңгеден 59 722 теңгеге дейін жетеді (ҚҚС-сыз, тоннасына). Солтүстік Қазақстан облысындағы авто-газ құю бекеттері үшін 1 литр газға белгіленген шекті бөлшек баға мынандай:
Көпшілік аудан үшін — 112 теңге;
Петропавлдан 200 шақырымнан алыс орналасқан шалғай аудандар үшін — 117 теңге.
«Қазіргі таңда өңірдегі газдың орташа бағасы литріне 90-107 теңге аралығында.
Петропавл қаласындағы коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін газ бағасы көтерілмейді. Оларға арналған тариф 2025 жылғы 10 мамырда бекітілген және ол 1 текше метр үшін 985 теңге болып қалды.
Облыста 2400 тонна газ бар, тапшылық жоқ. Жағдай күнделікті бақылауда», – делінген хабарламада.