Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымы белсенді дамуда

СҚО-да тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымы белсенді дамуда

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы нәтижелер мен алдағы жоспарлар бойынша өңір бұл салаларда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Бұл туралы СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берді, деп хабарлайды QZ NEWS.
 
2025 жылы облыс бойынша 332 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 5 үй бірінші жартыжылдықта пайдалануға берілді, тағы 11 үй жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
 
Әкім халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Биыл аталған санаттағы азаматтар үшін 258 пәтер сатып алу көзделген.
 
Сонымен қатар Ғауез Нұрмұхамбетов жол жөндеу жұмыстары туралы да мәлімет берді. Өңірдегі автожолдардың жалпы ұзындығы 8,4 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 2 мың шақырымы – республикалық, 6,4 мың шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар.
 
⁠«Бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан облысы республикада екінші орында. Биыл түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстарымен 1,1 мың шақырымнан астам жолды қамту жоспарланып отыр. Атап айтқанда: 467 шақырым – республикалық, 540 шақырым – жергілікті жолдар, және 35 елді мекендегі 100 шақырым ішкі жол жөнделеді. Орташа жөндеумен қамтылған жолдардың үлесі 98%-ға жеткізілді», – деді СҚО әкімі.
Бұл бағыттағы жұмыстар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттырып, көлік қатынасының қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Shares