СҚО-да есірткі таратқан ер адам 8 жылға сотталды
Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткі затын таратқаны үшін 47 жастағы ер адам 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді, деп хабарлайды QZ NEWS.
2025 жылдың наурыз айында Петропавл қаласы полициясының қызметкерлері жедел ақпарат негізінде есірткіні жасырып жеке кездесулер арқылы таратқан күдіктіні ұстаған болатын.
Күдіктіні ұстау кезінде оның жанынан бір орама, ал көлігінің ішінен осындай 16 орама табылып, тәркіленді. Сараптама нәтижесі бұл заттың мефедрон екенін және жалпы салмағы 35 грамнан асатынын анықтады. Сот ер адамды аса ірі мөлшерде есірткі сатқан деп танып, кінәлі деп шешті. Қылмыстық әрекетте пайдаланылған Audi көлігі мен ұялы телефоны мемлекет меншігіне тәркіленді.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 172 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелген, оның 86-сы — есірткі сату фактілері. Заңсыз айналымнан 86 килограмнан астам есірткі заты тәркіленіп, 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.