СҚО-да «Drive Forum Imantau-Shalkar» алғашқы ауқымды фестиваліне дайындық жүріп жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет өткізілетін «Drive Forum Imantau-Shalkar» атты ауқымды фестивальге дайындық қызу жүріп жатыр. Шараның басты мақсаты – туристерге Имантау-Шалқар аймағы сынды ерекше табиғи орын бар екенін көрсету, деп хабарлайды QZ NEWS.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге қазірдің өзінде 80-ге жуық автокараван экипажы тіркелген. Қырғызстан мен Өзбекстаннан да автосаяхатшылар келуі мүмкін. Осылайша, фестиваль жаңа таныстықтар мен болашақта шетелге шығуға ыңғайлы серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.
«Фестиваль 8–10 тамыз аралығында Турпан туристік базасының аумағында өтеді. Егер сіз көліксіз не шатырсыз келсеңіз, база аумағында жайғасуға арналған үйлер бар. Жер мен кеңістік жеткілікті», – деді фестиваль ұйымдастырушысы Абдуали Абдуғали бейнеүндеуде.
Фестиваль аясында көрме, спорттық ойындар, жекпе-жек түрлерінен шеберлік сағаттары, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық сабақтар, үстел ойындары мен мазмұнды концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Айта кетейік, бұл фестивальді өткен жылы өткізу жоспарланған еді. 2024 жылдың басында СҚО-ға Қазақстанның автомото-туризм қауымдастығының президенті әрі халықаралық белсенді демалыс пен саяхат форумының ұйымдастырушысы Абдуали Абдуғали келген болатын. Ол СҚО рестораторлар мен қонақ үйлер қауымдастығының төрағасы Сайран Хамзамен бірге облыс әкімдігіне фестиваль өткізу ұсынысын жеткізді. Алайда өңірдегі күрделі су тасқыны жағдайына байланысты фестиваль кейінге шегерілген еді.
Ұйымдастырушылардың жоспары – бұл фестивальді СҚО-да жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу.