Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, зейнет жасын төмендету ұсынылуда
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің мәртебесін қалай арттыруға болатынын айтты, деп хабарлайды QZ NEWS NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
«Соңғы жылдары заманауи ауыл шаруашылығы уақыт талабы ескеріліп, жаңғыртылды, цифрландыру есебінен барынша технологиялық әрі өнімді салаға айналды. Соған сай ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің де мәртебесі артып келеді. Бұл үрдісті одан әрі жалғастыру үшін олардың жалақысын арттырып, зейнет жасын төмендетіп, ауыл тұрғындарына арналған әлеуметтік төлемдерге жоғарылатылған коэффициент енгізу қажет», – деді Аманғали Бердалин.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысына берілетін субсидиялау нормативін арттыру мәселесін қарастыру ұсынылуда.
«Ұсынылған шаралар еңбек жағдайын жақсартып, жаңа кадрларды тартуға және ауыл тұрғындарын тұрақты орнықтыруға мүмкіндік береді», – деп сенімді айтты вице-министр.